Алматы қаласында «ЦИН-ҚАЗ» ЖШС кәсіпорнында соя тұздығын өндіру іске қосылды. Сонымен қатар зауыт көкөніс салаттарын өндіретін жаңа өндірістік желіні пайдалануға берді.
Ресми мәліметке сәйкес, бұл – Қазақстанда соя тұздығын өнеркәсіптік көлемде өндіруді жолға қойған алғашқы әрі бірегей кәсіпорын.
Жеміс-көкөніс өнімдерін өңдейтін кәсіпорын өндірісті жаңғыртып, автоматтандырып және кеңейткеннен кейін екі жаңа цех пайдалануға берілді. Бүгінде компания ассортиментінде томат пастасы, кетчуп, тосап және түрлі тұздықтарды қоса алғанда 20-дан астам өнім түрі шығарылады.
Кәсіпорынның жылдық өндірістік қуаты 6,3 мың тонна өнімді құрайды. Компания Қазақстандағы томат пастасына деген сұраныстың 50%-дан астамын қамтамасыз етуге қауқарлы. Өнімдер Қазақстанның 42 өңірінде, сондай-ақ Ресей мен Қырғызстан нарықтарында ұсынылған.
Зауыт Кәсіпкерлікті қолдау картасы және «Агробизнес–2020» мемлекеттік бағдарламасының қатысушысы болып табылады.